Аргентиналық шабуылшы Лионель Месси франциялық "Paris Saint-Germain" футбол клубынан биылғы маусым аяқталғаннан кейін кетеді.
"Мен үшін футбол тарихындағы әлемнің үздік ойыншысына бапкерлік жасау - үлкен мәртебе", - деді париждік клубтың бас бапкері баспасөз мәслихатында.
"Ол әрқашан команда үшін жұмыс істеді. Әрдайым ойында болды. Әріптесіне пас берді немесе гол соқты. Қайталап айта кетейін, бұл мен үшін тек бапкерлік жасау ғана емес маусымның барлық кезеңінде қасында жүргенімді үлкен мәртебе деп бағалаймын", - деді Галтье.
"Paris Saint-Germain" 3 маусымда Парижде Франция чемпионатының қорытынды турында "Клермонға" қарсы ойнайды. Париждік клуб алдын ала ел чемпионы атанып үлгерді.
Месси команда сапына 2021 жылы еркін агент құқығы бойынша қосылған еді. "Клермонға" қарсы ойын ол үшін ПСЖ сапындағы соңғы кездесу болады.
Месси қайда барады
Спорт тақырыбында жазатын басылымдар Месси әйгілі футболшы Криштиану Роналдудың соңынан Сауд Арабиясына баруы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ АҚШ-та ойын көрсетуі немесе Испанияға оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Сауд Арабиясының "Аль-Хиляль" клубы Мессиге екі жылға 1,2 млрд евро тұратын келісім-шартты ұсынды. Одан бұрын "Франс Пресс" агенттігі сенімді дерек көздеріне сүйеніп, Сауд Арабиясындағы бір клубқа ауысуы шешіліп қойған мәселе екенін атап өткен.
Сондай-ақ Мессидің АҚШ-та мансабын жалғастыруға мүмкіндігі бар екені айтылып келеді. Онда "Интер Майами" клубы жылына 50 млн доллар көлемінде төртжылдық келісім-шарт ұсынған.
Тағы бір дерек бойынша "Барселона" Мессиге қызығушылық танытуы мүмкін. Аталған клубта аргентиналық футболшы он мәрте Испания чемпионы атанды. Төрт мәрте Чемпиондар лигасында жеңімпаз болды. Үш мәрте УЕФА суперкубогы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.