Кездесуде аталған әлеуметтік желілер кеңістігінде білім беру саласындағы ынтымақтастық және оны танымал ету мәселелері талқыланды.
"Біз үшін білім беру бағытындағы контентті, әсіресе оны қазақ тілінде насихаттау және балаларды қажетсіз, жағымсыз контенттен қорғау мәселелері маңызды. "Метаның" Орталық Азиядағы үкіметпен байланыс жөніндегі басқарушы директоры мен басқа да әріптестер бастамаларымызды қолдағанына қуаныштымын", – деп жазды Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында.
Ведомство басшысы қазіргі кезде ұстаздар Facebook платформасында белсенді түрде өз пікірлерін білдіріп, түрлі проблемаларды көтеріп, жаңалықтармен бөлісіп отыратынын атап өткен. Сонымен қатар мұғалімдердің Instagram алаңын пайдаланып, оқушыларға белгілі бір пән туралы мәлімет беріп, сол арқылы балалардың оқуға деген қызығушылығын, ынтасын арттырып жүргенін жазды.
"Біз ұстаздардың мұндай бастамаларын құп көріп, әрқашан қолдаймыз. Сонымен қатар педагогтеріміздің оқушыларды оқу-тәрбие үдерісіне заманауи тәсілдермен тартуға деген ұмтылысы мақтауға тұрарлық", – дейді Асхат Аймағамбетов.
Айтуынша, кездесуде Джордж Чен әріптестерімен бірге қазақстандық мұғалімдер мен ата-аналардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін атап өтіп, мұғалімдерге арнайы тренингтер өткізуді ұсынған. Олар мұғалімдерді балаларды оқытуда түрлі цифрлық ресурстарды белсенді пайдалануға үйретуге бағытталады.