BBC-дің жазуынша, Microsoft-тың жасанды интеллект бағытындағы бөлімінің басшысы Мұстафа Сүлейманның пікірі шынында адамды терең ойландырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, өздігінен жұмыс істейтін AI жүйелерін бақылаусыз дамыту болашақта адамға ұқсас әрекет ететін жаңа "кремнийлі тіршілік иелерінің" пайда болуына әкелуі ықтимал.
Мұндай жүйелер уақыт өте келе ақша тауып, мүлікке иелік етіп, тіпті компанияларды басқара алатын деңгейге жетеді. Сүлейманның пікірінше, бұл жағдайда олар адамдармен ресурстар үшін бәсекеге түсе алады.
"Егер біз өздігінен әрекет етіп, мақсаттарын өзі белгілейтін, ақша тауып, мүлікке ие болып, компанияларды басқара алатын AI жүйелерін жасасақ, іс жүзінде адамдармен ресурстар үшін бәсекелесетін жаңа "кремнийлі тіршілік иелерін" дүниеге әкелуіміз мүмкін", – деді ол.
Microsoft-тың жасанды интеллект бағытындағы бөлімінің басшысы мұндай жағдайда жасанды интеллект жүйелерінің адамзатқа қаншалықты жақсы көзқараста болатыны маңызды емес екенін айтты.
"Олардың адамзатқа қаншалықты қамқор болатыны немесе бізді қаншалықты жақсы көретіні маңызды емес", – деді Microsoft өкілі.
Сонымен қатар, ол Anthropic компаниясының жасанды интеллект әзірлеу тәсілін сынға алды. Оның айтуынша, AI жүйелеріне адамға тән қасиеттерді телудің қажеті жоқ. Мұндай тәсіл антропоморфизация, яғни жасанды интеллектіні адамға ұқсату деп аталады.
Бұл тәсіл Claude чат-ботының жеке қалауы, құндылықтары мен өзіндік санасы бар деген түсінік қалыптастыруы мүмкін.
Кейінгі уақытта технология саласының мамандары жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты туындауы мүмкін қауіптер туралы жиі ескертіп келеді.
Бұған дейін "Жасанды интеллект "ұрпағына" адамға бағынбауға кеңес бере бастады" деген тақырыпта материал жариялаған едік.