Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі салық төлеушілердің (салық агенттерінің) таратылуы, қайта ұйымдастырылуы және қызметін тоқтатуы кезінде салықтық міндеттемені орындаудың кейбір мәселелері туралы №654 бұйрығына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған құжат 2026 жылғы 20 ақпанда №38022 болып Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелді.
Қабылданған өзгерістер ең алдымен микро және шағын бизнес субъектілері үшін кәсіпкерлік қызметті тоқтату рәсімдерін оңайлатуға және әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.
Осы Қағидаларда:
- Жекелеген санаттағы салық төлеушілер үшін қызметті тоқтатудың жеңілдетілген тәртібі белгіленді.
- Камералдық бақылау шарттарына сәйкес келетін микро және шағын бизнес субъектілеріне камералдық бақылау жүргізбестен қызметті аяқтау мүмкіндігі көзделген.
- Егер салық төлеуші қызметті тоқтату туралы өтініш берсе, 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін ұсынылған салық есептілігі бойынша 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін камералдық бақылау жүргізілмейді.
Сондай-ақ тарату кезіндегі салықтық берешекті өтеу тәртібі нақтыланды. Мүлік жеткіліксіз болған жағдайда қалған берешек Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда құрылтайшылар (қатысушылар) есебінен өтеледі, бұл ретте Салық кодексінің нақты нормасына байланыстырылмайды.