Микроқаржы ұйымдарының мүмкіндігі кеңейеді

761

Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Микроқаржы ұйымдарының мүмкіндігі кеңейеді

"Мемлекет басшысы жолдауда қаржылық тұрақтылық қорының шексіз емес екенін атап өтті. Бүгінгі күні бюджет тапшылығын және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді арттыру есебінен өсуі толықтырылып отыратын мемлекеттік шығыстардың айтарлықтай ұлғаюы проинфляциялық қысымның қосымша көзі болып саналады. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық қордан берілетін трансферттердің көлемін және мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынын шектейтін контрциклдық бюджеттік қағида енгізіледі. Бұл үшін үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, бюджет кодексіне түзету әзірлейді. Тиісті тәсілдер мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында бекітіледі", – деді Ұлттық банк төрағасы. 

Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы 2022 жылдың соңына дейін ұзартылатынын айтты. 

"Кәсіпкерлікті, әсіресе ауылдағы кәсіпкерлікті кредиттеуді одан әрі дамыту үшін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, жыл соңына дейін микроқаржы ұйымдарының мүмкіндігін кеңейтуге қажетті шешім  топтамасы дайындалады", – деді бас банкир. 

Оның сөзінше, инфляцияны нысаналы дәлізге қайтару және ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру үшін қаржы реттеушісі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге қажетті шаралар кешенін қабылдайды. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу