Микронесиесін жаба алмай жүрген азаматтың құқығын арнайы омбудсмен қорғайтын болады

141

Қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданды. 

Микронесиесін жаба алмай жүрген азаматтың құқығын арнайы омбудсмен қорғайтын болады Фото: canva.com

Елімізде 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсманы институты өз жұмысын бастайды. Тиісті ақпаратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу. Микроқаржы омбудсманы қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.

"Омбудсманның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметтері тегін болады. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді. Бұл ретте омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе микроқаржы омбудсманының шешімі 30 күннің ішінде орындалуы керек", - делінген хабарламада.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, микроқаржы омбудсманының құзыретіне сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілері кірмейді. Сондай-ақ дәлелденбеген жағдайлар бойынша немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштер де қаралмайды.

Микроқаржы омбудсманының қызметі микрокредит беру нарығын құқықтық алаңда дамытуға ықпал етеді. 

Қазір Қазақстанда банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді.

2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша республикада микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 220 ұйым, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу