Милана Давыдованың өлімі: қызын ажалға қиған анасының соты басталды

Оның көңілдес көршісі де күдіктілер қатарында. 

Милана Давыдованың өлімі: қызын ажалға қиған анасының соты басталды Фото: @poiskoviki_vita_pavlodar

Өткен жылы екібастұздық 7 жасар Милана Давыдоваға қатысты қайғылы жағдай күллі елді дүр сілкіндірген болатын. Қарашаның қара суығында туған анасының қолынан қаза тапқан бүлдіршіннің ажалы көпшіліктің қабырғасын қайыстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Естеріңізде болса, өткен жылдың қараша айында Павлодар облысы Екібастұз қаласына қарасты Бесқауға ауылында тұратын 7 жасар қыздың жоғалып кеткені туралы хабар жаһандық желіде жарыса жарияланды. 17 қараша күні оның анасы полиция өкілдеріне қызының кенеттен жоғалып кеткенін хабарлаған. Анасы балаларын алып, қырда мал бағып жүрген жолдасына бармақ болғанда Милана бұған наразылық танытып, үйден шығып кеткенін алға тартып, сол күйі үйге оралмағанын айтты.

Мұндай хабардан соң облыстың барлық дерлік полиция мен төтенше жағдай қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері мен еріктілер қызды іздеуге көшті. Сол уақытта өңірде қатты жел тұрып, қар аралас жауын жауып, күн күрт құбылған еді. Соған қарамастан жүзге жуық арнайы техника мен 300-ден астам адам кірпік қақпан иен дала мен барлық үй, қора-қопсыны үш күнге жақын уақыт бойы түгін қалдырмай аралап, қызды іздеді.

Ал 19 қараша күні қауым елдің жағасын ұстатар жайт анықталды. Сол күні полиция өкілдері Милана Давыдова туған анасы мен оның көңілдесі болған көршісінің қолынан қайтыс болғанын хабарлап, күдіктілерді қамауға алды.

Кеше аталған қылмыстық іске қатысты алдын ала сот отырысы өтті. Тергеушілердің сөзіне сүйенсек, Т.Давыдова мен А.Әбілдинов бұрынан жақын қарым-қатынаста болған. 2023 жылдың 17 қарашасында көршісі жарты литрлік ішімдікті әкеліп, Т.Давыдова екеуі оны бөлісіп ішкен. Кейін жыныстық қарым-қатынасқа түскен. Сол уақытта мектептен келген Милана анасы мен көршісінің әрекетін көріп, барлығын әкесіне жеткізетінін айтып, үйдің ішіне кіріп кеткен.

Мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Төлеубаеваның айтуынша, "ғашықтар" мұнда қатынасының көпке жария болғанын қаламай, қыздың ізінен іле шала жүгіріп кірген. Алдымен анасы сол қолымен қызының бетінен жұдырықпен екі рет ұрған. Одан соң қолына белбеу алып, арқасы мен денесіне де бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан жеті жасар Милана есінен танып қалған. Мұны көрген анасы белдеуді Әбілдиновке берген. Ол болса белбеуді ессіз жатқан қыздың мойнына орап, оны қылқындырған. Анасы мен көңілдесінің қылмыстық әрекеті салдарынан Милана сол жерде-ақ жан тапсырған. Ал екеуі қыздың денесін жақын маңдағы цистернаның астына тығып қойған.

Ендігі ретте күдіктілердің бұл әрекетінің бағасын сот береді. Негізгі отырыс 8 сәуірге жоспарланып отыр. Милананы ажалға қиған анасы мен оның көршісі 20 жылдан өмірінің соңына дейін бас бостандығынан бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу