Милан қаласында Газа тұрғындарына қолдау білдірген халық наразылыққа шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Наразылық кезінде 60 полицей жарақат алды. Олардың 23-і ауруханаға жатқызылды. Демонстрацияға қатысушылар арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Полиция 12 адамның ұсталғанын хабарлады.
Пропалестиналық акциялар Италияның басқа қалаларында да өтті. Римде 50 мыңнан астам адам көшеге шыққан. Олар Италияның Израильмен қарым-қатынасын үзуін талап етіп отыр.
Миланда шеруге шыққандар АҚШ пен Еуроодақтың туларын қызыл түске бояды. Адамдардың дені қара киімде болып, кейбірі бетперде таққан. Бір топ адам қаланың орталық вокзалына күшпен басып кіруге тырысты. Құқық қорғау органы таяқ пен көзден жас ағызатын газ қолданған.
Елдің премьер-министрі Джорджа Мелони осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
"Зорлық пен қирату әрекеті Газадағы адамдардың өміріне ешқандай әсер етпейді", – деп жазды Мелони X әлеуметтік желісінде.