2019 жылы "Орталық-Шығыс" дәлізінің аясында Павлодар облысы Аққулы ауданында жол бойы кешені салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Аталмыш кешенде 15 қонақ бөлмесі, асхана, көлікке техникалық қызмет көрсету орталығы, дөңгелек жөндеу орны, жанар-жағармай бекеті бар. Құрылысқа қазынадан 1 млрд теңге жұмсалған болатын. Оған қоса, кешенді күтіп-ұстау, жылыту шығындары мен оны күзететін жұмысшыларға төленетін жалақы бар. Осы мақсатта бюджеттен жыл сайын тағы да миллиондаған қаржы бөлінеді.
Алайда жол бойында орналасқан бұл сервис екі жыл бойы бос тұр. Себебі кешенді кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беру заңғы қайшы әрекет болып табылады. Ал жалға алуға инвесторлар құлықсыз. Өйткені айына 4 млн теңгені құрайтын жалдау ақысын ауылдағы кәсіпкерлердің қалтасы көтермейді. Павлодар мен Семейдің арасын жалғайтын жолдағы кешенді осындай қомақты сомаға жалға берудің қисынсыз екенін "ҚазАвтоЖол" ҰК өкілдері де мойындайды.
"Жол бойы сервисін біз салғанмен, оны мемлекеттік мүлік департаменті жалға береді. Бұл стандарттағы жол үшін белгіленген жалдау ақысының қымбат екені рас. Сондықтан бірнеше рет конкурстық процедуралар өткенмен, кешенде кәсібін дөңгелетуге ниеттілер табылмады. Жақында ғана жанар-жағармай бекеті инвесторға жалға берілді", - дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК Павлодар облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдин.
Десе де, кәсіпкердің жалдау ақысы ретінде нақты қандай сома төлейтінін дөп басып айта алмады. Тек биыл Нұр-Сұлтан – Павлодар – Нұр-Сұлтан, Павлодар – Семей, Павлодар – Омбы бағытындағы жолдардың ақылы болуына байланысты аталмыш кешен ұзақмерзімді жалға берілетінін хабарлады. Бірақ ай сайын 4 млн теңге төлеуге әзір кәсіпкердің кездесе қалуы екіталай.
Ажар Дәулетова