Миллиардтар жұмсалған жобаның жылу жүйесі жоқ

310

Таразда 4 жыл бұрын сән-салтанатпен ашылған алып "Көне Тараз" кешенінде жылу жүйесі әлі жоқ.

Миллиардтар жұмсалған жобаның жылу жүйесі жоқ Фото: assembly.kz

Салдарынан, 5 бірдей мекеме мамандары қыстың қара суығында дірдек қағып, жылытқыш құралдармен жан бағуға мәжбүр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ал 3,2 млрд теңге жұмсалған имидждік жоба күн панельмен жылытылады дегені бос әурешілік болғаны ма? Енді әкімдік аумағы 2,4 гектарға жайғасқан кешенді қайтіп және қандай қаржымен жылытпақ?

"Көне Тараз" тарихи этномәдени кешені 2019-да экс-әкім Асқар Мырзахметов кезінде салынған. Бас-аяғы 9 нысанның лентасы қиылып, думандатып ашылған-ды. Бірақ көркі көз тартар кешенде 4 жылдан бері жылу жүйесі атымен жоқ. Салдарынан 5 мекеме мамандары дірдектеп, қызмет етуге мәжбүр. Бүрсең қаққан бұқара жылма-жыл жылу жырын жырлағанмен, "өзгерген дәнеме жоқ" деп дал.

"Жылу жүйесі қосылмаған. Бастапқыда салынбаған. Ал қазіргі кезде біз электр батареяларымен жылытып отырмыз. Ауа температурасы салқын. Яғни сырт киіммен жүруге тура кеп тұр. Аяз кезінде ауа райының күрт төмендеуіне байланысты сол кезде едендегі кафель плиталардың жарылуы орын алды", - дейді  "Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясының" бас инспекторы Ержан Сланов.

Кешен қазір шағын жылытқыштарға толы. Әр бөлмеден кемі 2-3-і менмұндалайды. Көрме залдар тіптен суық. Ал, іс-шара  үшін мамандар жылытқыш пештерді бірнеше күн бұрын қосып қояды. Әу баста алып нысандар күн панельдері арқылы өзін-өзі электр, жылумен қамтуы тиіс еді. Алайда инновациялық ноу-хау жылға жетпей, істен шыққан. Оның үстіне мұндай құралдармен жұмыс істейтін мамандар да табылмапты.

"Блокты модульді қазандық қойылатын болады. Оған біз жобалық-сметалық құжат әзірледік. Бүгінде сол кешендерді жылу жүйесін автономды тәртіпте іске қосу үшін 432 млн теңге ЖСҚ әзірленді", - дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Осылайша әкімдік жобаның жылу жүйесіне жарты млрд теңгеге жуық қаржыны қосымша құяды. Бұл сома жылу құбырларын тарту ісіне жұмсалмақ екен. Одан өзге кешенді 5 мекеме өз теңгеріміне алуға асықпай отыр. Ғимарат қазір қалалық құрылыс бөлімінің балансында тұр.

"Пайдалануға тапсыру уақытында жылыту жүйесі толық жұмыс жағдайында болатын. Ешқандай ауытқулар болған емес. Бүгінгі таңда 3 жыл өткеннен кейін барып, мәдениет басқармасы тарапынан нысандардың жылымайтындығы туралы анықталды", - дейді Тараз қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Қайыпов.

Жергілікті билік жылумен қамтитын мердігерді сотқа бергенін айтады. Алайда 3 жылдық кепілдік мерзім біткен соң, еш шара қолданылмай қалған. Енді қала әкімдігі биыл сәуірден бастап, бар ақау кезеңімен түзетіледі деп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу