Миллионнан аса еңбекпен қамтылған азаматтың зейнетақы жарнасы төленбеген

1091

Миллионнан аса еңбекпен қамтылған азаматтың зейнетақы жарнасы төленбеген

Соңғы екі жылда еңбек инспекторлары мыңнан астам жұмыс берушінің жұмыс күшін еңбек шартынсыз қолданып жатқанын анықтады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәжілістегі "Үкімет сағатында" айтты.

2017 жылдың 1 қыркүйегі бойынша ұжымдық шартпен 76,6 мың кәсіпорын немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 34,1%-ы қамтылды. Мұнда ірі және орта кәсіпорындардың қамтылу деңгейі 89,3%-ға жетті. Соңғы 5 жылда ұжымдық шарттар жасау көрсеткіші 19%-ға өскені байқалады.

Дегенмен, жағдайдың жақсарғанына қарамастан, әлі де жұмысқа азаматтарды еңбек шартынсыз қабылдау әрекеттері көрініс беретінін жоққа шығару мүмкін емес. Соңғы екі жылда еңбек инспекторлары мыңнан астам жұмыс берушінің жұмыс күшін еңбек шартынсыз қолданып жатқанын анықтады (бұл мамандардың біліксіздігінен туындап, құрылыс, сауда және ауылшаруашылық пен шағын кәсіпкерлік салаларында жиі кездеседі).

Ағымдағы жылы азаматтардың әлеуметтік мәртебесін анықтау мақсатында үйлерді аралап, "заңсыз жұмыспен қамту" ахуалын бағалау шарасы жүргізілді. Шарада 5,6 млн азамат қамтылып, нәтижесінде миллионнан астам еңбекпен қамтылған азаматтың зейнетақы жарнасы төленбей келе жатқаны белгілді болды.  320 мың жұмыссыз және 1,4 млн өнімсіз жұмыспен қамтылған жандар назарға ілікті.

"Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Бүгінгі таңда есепке алу, тіркеу, мәртебе анықтау, еңбекпен қамтылуды және салық төлеу жағын реттеу, әлеуметтік қамсыздандыру жайттарынан тұратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар тобын заңдастыру жөніндегі Кешенді жоспар әзірленуде", - деді  Тамара Дүйсенова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу