"Миналанған" мектептер: ШҚО полиция департаменті тергеу барысы туралы айтты

546

Ақпаратқа сәйкес, 14 ақпан күні облыс орталығындағы жалпы білім беретін мектептер "миналанған" болатын.   

"Миналанған" мектептер: ШҚО полиция департаменті тергеу барысы туралы айтты Фото: Экспресс К

ШҚО полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша тергеудің барысы туралы айтып берді, деп жазады inbusiness.kz noks.kz порталына сілтеме жасап. 

"Бүгін 23 мектепте жарылғыш құрылғылардың қойылғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. 9 мектеп тексерілді. Жарылғыш зат табылған жоқ. Жұмыс жалғасып жатыр. Күдіктілерді анықтауға бағытталған арнайы тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде", - деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Медет Бердімұратов.

Оның сөзінше, қаскөйлер заманауи интернет-технологияларды қолданады. Бұл өз кезегінде мамандардың жұмысын едәуір қиындатады.

"Интернет үлкен мүмкіндіктер береді. Басқа жерде отырып, бірақ қажетті орынның IP-мекенжайын ретрансляция жасауға болады. Ал IP-мекенжайлар секунд сайын өзгереді. Тексеруге ұзақ уақыт кетеді. Әрине, оны анықтау мүмкін.  Барлық нұсқалар пысықталып жатыр", - деді Медет Бердімұратов.

Тергеуге Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі көмек көрсетуде.

ШҚО ПД бастығының орынбасары мәліметінше, 6 ақпаннан бастап Өскеменде барлығы 50-ден астам нысан "миналанған".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу