Міндетін орындамаған кәсіпорындар бюджет қаражатын қайтарады

694

Мәжілістің жалпы отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң бизнес субьектілеріне қандай мүмкіндік беретінін баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Міндетін орындамаған кәсіпорындар бюджет қаражатын қайтарады

"Заң жобасының басты жаңалығы – мемлекеттік ынталандырудың жаңа шараларын және инфрақұрылым элементтерін бекіту бойынша үкіметтің құзыретін енгізу. Бұл мемлекеттік аппаратқа икемділік пен жылдамдық береді және бизнес үшін маңызды шешімдерді дер кезінде қабылдауды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік ынталандыру өңдеуші өнеркәсіптің тиімді кәсіпорындарына бағытталады. Бұл үшін басым тауарлар тізбесін қалыптастыру және бекіту бойынша уәкілетті органның құзыреті бекітіленді. Осы істі атқару индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктеледі",  – деді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің мәлімдеуінше, бүгінге дейін қосылған құны жоғары 4 мыңнан астам тауар іріктелді. 

"Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру тізбедегі тауарларды өндірушілерге ғана көрсетіледі. Мемлекеттік ынталандыру іс-шарасының тиімділігін қамтамасыз ету үшін өндіріс көрсеткішін арттыру жөніндегі талапты көздейтін міндеттеме енгізіледі. Біз міндеттеменің орындалуына мониторинг жүргіземіз. Міндетін орындамаған жағдайда кәсіпорын бюджет қаражатын қайтарады", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның сөзінше, мемлекеттік ынталандыру іс-шарасының барлық тізімі заң жобасын әзірлеу барысында қайта қаралды. Алдағы уақытта бизнес үшін ынталандырудың 20-ға жуық іс-шарасы қолжетімді болады.

"Кәсіпорындардың сұрауы бойынша ынталандырудың жаңа әдісі – өнеркәсіптік грант әзірленді. Өнеркәсіптік грант бірлесіп қаржыландыру жолымен өндірісті жаңғыртуға беріледі", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу