Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" ҚР заңының жаңа редакциядағы жобасын әзірледі. Заң биылғы жылдың наурыз айында парламент қарауына беріледі.
Заң жобасында әлеуметтік төлемдерді есептеудің бірқатар тетігін өзгерту көзделген, оның ішінде:
– міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту;
– еңбек ету қабілетінен айырылу төлемдерін орташа емес, жеке еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне байланысты анықтау;
– асырауындағылар санының коэффициентін арттыру;
жұмысынан айырылған адамдарға төлемдерді өтеу деңгейін арттыру қарастырылған.
Заң жобасын жүзеге асыру әлеуметтік қатер туындаған жағдайда жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекет басшысы еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылғандарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшерін 30% дейін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырған болатын.