Заңға міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің мерзімін 2020 жылға ауыстыруды қарастыратын түзетулер парламенттің қарауына ұсынылды. Бұл туралы мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді, деп хабарлайды abctv.kz.
"Міндетті медициналық сақтандыруға қатысушыларға медициналық көмек көрсетудің мерзімін 2020 жылдың 1 қаңтары етіп белгілеу жөнінде сіздерге ұсыныс енгізіп отырмыз. Жеке тұлғалардың, жалдамалы еңбеккерлердің, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-келісімшарт негізінде жұмыс істеушілердің, сондай-ақ жеңілдікті пайдаланушы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарналардың төлену мерзімін 2020 жылдың 1 қаңтары деп белгілеуді ұсынамыз", – деді ол.
Ал жұмыс берушілерден алынатын 1,5%-дық аударымдар 2018 жылы да, 2019 жылы да жалғаса бермек.
Арадағы екі жыл ішінде үкімет "өзін-өзі жұмыспен қамтушы" санатына жататын азаматтардың мәселесін шешіп алмақ. Алдын ала жасалған есеп бойынша қазір олардың саны – 2,7 млн адам. Дегенмен түпкілікті мәлімет пен нақты саны әзірге айқын емес. Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов түсіндіріп өткендей, бұл деректер әлі де нақтылануда.