Министр 881 жекеменшік мектеп цифрлық бақылауға өткенін айтты

290

Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. 

Министр 881 жекеменшік мектеп цифрлық бақылауға өткенін айтты Фото: Үкімет

Сенатор Руслан Рүстемов жеке мектептерге жүргізілген аудитке қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қаржы министрлігі аудитінің алдын ала мәліметтері бойынша соңғы 5 жылда жекеменшік мектептерді қаржыландыруға арналған бюджет шығындары 20 есеге, контингент санының 6 есеге арту тәуекелдері байқалған, деді сенатор.

"Оларды қаржыландыру жүйесі фрагменттелген және бақылаусыз болып деректердің бұрмалануына және қаражатты теріс пайдалануға мүмкіндік берген. Мәселен, жекеменшік мектептер оқушылардың санын өзара тіркеулер мен ауыстыру арқылы асыра көрсеткен, білім алушылар контингентінің саны мектептердің жобалық қуатынан үш есеге дейін асыра көрсетілсе, қаржыландыруды алу және салық төлемдерін қысқарту үшін кірістер азайтылып көрсетілген. Күрделі жөндеудің орнына ағымдағы және косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілген, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата 2023 жылы республикалық бюджеттің атқару туралы қорытындысында білім беру сапасына теріс әсер ететін жекеменшік мектептер қызметіндегі жүйелі бұзушылықтар мен кемшіліктер, соның ішінде білім беру процесінде бизнестің пайда табуға, кейде сапаға зиян келтіруге бағытталу мүмкіндігі атап көрсетілген", – деді Сенат депутаты Руслан Рүстемов.

Сенатор "Аудит аяқталды ма?" деп сұрады. 

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Үкіметтің шешімімен жекеменшік мектептерге мемлекеттік қаражатты орналастыруға арналған бірқатар өзекті өзгерістер жүзеге асырылды. 

"Бұған дейін жалпы жекеменшік мектептерді қаржыландыру тек қана қаржы орталығымен жеке жүзеге асырылып келді, ол жерде әкімдіктер мүлдем араластырылмады. 2025 жылғы қабылданған шешімнің негізінде әрбір ауданның аумағындағы жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға әкімдіктерге нақты жауапкершілік белгіленді. Егер белгілі бір әкімдіктің аумағында үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектеп бар болса, сонымен бірге оқушы орнына қажеттілік болса, онда ол жердегі жекеменшік мектепке мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жауапкершілігі әкімдіктерге жүктеледі. Егер дәл сол әкімдіктердің аумағында мемлекеттік мектепте оқушы орынның профициті орын алатын болса, онда сол жерде жекеменшік мектепке мемлекеттік тапсырысты орналастырмау құқығы әкімдіктерге беріледі", – деп атап өтті ол.

Қаржы министрлігімен бірлесе отырып OrtaBilim сервисі іске қосылғаны да айтылды. Соның аясында қазіргі таңда 881 жекеменшік мектеп цифрландырылған.

"Бұған дейін барлық жекеменшік мектеп сегіз түрлі платформада цифрландырылып келген. Бүгінгі таңда тек қана Қаржы министрлігінің орта білім сервисінде цифрландырылды", – деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, бұған дейін депутат халық табысын арттыру жоспарының игілігін қанша қазақстандық көретінін сұрағанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу