Министр А.Ғиният ДДСҰ Қазақстандағы тұрақты өкілімен кездесті

441

Ведомство басшысы ДДҰ-ның Тұрақты өкілін тағайындалуымен құттықтап, жауапты лауазымда табыс тіледі.    

Министр А.Ғиният ДДСҰ Қазақстандағы тұрақты өкілімен кездесті Фото: gov.kz

Астанада Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР ДДҰ-ның Тұрақты өкілі Скендер Сыла мырзамен кездесті, деп жазады inbusiness.kz.

А.Ғиният Қазақстандағы денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі негізгі бағдарламалармен таныстырып, ДДҰ-ның денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуды кеңейту, сондай-ақ адамдардың қажеттіліктеріне бағдарланған қоғамдық денсаулық сақтауды күшейту жөніндегі бастамаларына толық қолдау білдірді.

 "ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ Еуропалық бюросы арасындағы 2022-2023 жылға арналған екі жылдық келісімді іске асырудың маңыздылығын атап өткім келеді, ол біздің алдағы екі жылға арналған Қазақстан халқының денсаулығын нығайтуға бағытталған бірлескен қызметіміздің негізін қалады", - деді Ажар Ғиният.

Сонымен қатар, ол ДДҰ-мен инфекциялық емес ауруларды иммундау, профилактикалау және емдеу, репродуктивті денсаулықты сақтау, психикалық, неврологиялық және наркологиялық бұзылуларды емдеу сияқты бағыттар бойынша белсенді өзара іс-қимыл жалғасатынына, сондай-ақ "2022-2025 жылдарға арналған Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдауға арналған Жол картасын"  іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыратынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, кездесу барысында 2023 жылдың қазан айында ДДҰ-ның 73-Еуропалық өңірлік комитетін, сондай-ақ Алматы Декларациясының қабылдануының 45 жылдығына және МСАК бойынша Астана Декларациясының қабылдануының 5 жылдығына арналған халықаралық конференцияны өткізу мәселелері талқыланды.

Сыла мырза еліміздің өңірлеріне бірлескен сапарларға қосылуға, ел азаматтарының денсаулығын нығайту және саламатты өмір салтын қалыптастыру шеңберінде бірлескен ақпараттық кампаниялар өткізуге ниет білдірді.

Кездесу соңында Сыла мырза министр Ажар Ғиниятқа қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, ДДҰ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ одан әрі әріптестікті жалғастыруға және халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу