Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыда қайтыс болған донорға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды 24.kz.
Министрдің айтуынша, қазір тергеу жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерінің кінәсі бар-жоғы анықталады.
Айта кетейік, қайғылы жағдай 19 қаңтарда болды. Біреудің өмірін құтқарып қаламын деп бүйрегін берген донордың өзі ажал құшты. Операция өткен жылдың 7 желтоқсанында жасалған.
"Өкінішке қарай, донордың денсаулығы күрт нашарлап кеткен. Оны құтқарып қалу үшін дәрігерлер барын салды. Қайтадан операция жасады. Қазір құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Енді тергеу қорытындысын күтейік. Жалпы трансплантация – жоғары технологиялық медициналық көмек түрі. Әрине қауіп-қатер болады. Сондықтан біздің стандарт бойынша мұндай операция кезінде донор мен көмек көрсетіліп жатқан науқас өз келісімін беруі керек", – дейді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.