Министр Асхат Оралов туризм мәселелері бойынша шетелдік журналистермен кездесу өткізді

464

Кездесуге 10 елдің журналистері келді.

Министр Асхат Оралов туризм мәселелері бойынша шетелдік журналистермен кездесу өткізді Фото: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Қазақстанға келген танымал шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесіп, олармен отандық туризмді дамыту перспективалары туралы әңгімелесті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Кездесуге 10 елдің журналистері келді. Бұл Бельгия, Германия, Катар, Сауд Арабиясы, Мексика, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея, Словакия және АҚШ. Шетелдік қонақтар қазақстандық туризмге үлкен қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойып, ұсыныстар айтты.

Журналистерді қазақстандық туризмге қай елдер көбірек инвестиция салатыны, сондай-ақ негізгі дестинацияларда инфрақұрылымды дамыту жоспарлары, логистика және тіпті спорт мәселелері қызықтырды. Мысалы, олар қазақстандық параспортшылардың халықаралық жарыстардағы табыстарының құпиясы туралы да сауал қойды.

Министр өз кезегінде журналистерге Қазақстанның 10 басты туристік бағыты, маңызды көрікті жерлер және оларды дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Сондай-ақ, қонақтардың назарына "Kazakh Tourism ҰК" АҚ-ның еліміз және оның басты туристік орындары туралы негізгі ақпараты бар видеоролик пен презентация ұсынылды.

Кездесуден кейін көп ұзамай шетелдік қонақтар Түркістанға және еліміздің басқа өңірлеріне аттанып кетті.

"Қонақтарымыз әлеуметтік желілердегі парақшаларында Қазақстанның рухани астанасы мен халқымыздың қонақжайлығы, мейірімділігі оларға жағымды әсер қалдырғаны туралы жазыпты. Біз үшін мұндай кездесулер - Қазақстанды туристік дестинация ретінде, бюджет қаражатын жұмсамай-ақ шетелде ілгерілетуге арналған жақсы мүмкіндік. Ел көрсем, жер танысам деген әуесқой жиһанкездерге бұл Қазақстанға келуге ынталандыратын мүмкіндік екеніне сенімдімін", - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Қорытындылай келе, Асхат Оралов журналистерді келесі жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырды. Ойындарға басқа елдердің туристері келеді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу