Бүгінде авиаотын тоннасының бағасы шамамен 940 долларға тең. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжілісте өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Иә, біз бағасын түсірдік. Қазіргі таңда бағасы шамамен бір тоннасына 940 доллар. Өткен жылдың аяғында дәл осы авиаотын басқа бағамен сатылды. Тоннасы үшін 1250 доллар болатын. Тиісті шаралар қабылданып, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншілес компаниясы тікелей әуежайларға кіріп, бағаны 940 долларға дейін төмендетті. Ол бізге экспорттық әлеуетімізді нығайтуға және қосымша авиа рейстерді Қазақстанға қондыруға мүмкіндік береді", – деді ведомство басшысы.
Тілшілер елімізде әуе отынының тапшылығы бар ма деп нақтылады.
"Тапшылық деген авиаотын жоқ деген сөз. Ондай тапшылық бізде жоқ. Бірақ, жетпейтін көлемді көршілес елдерден импорттайтынымызды мойындауымыз керек", – деп жауап берді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.