Министр желідегі парақшасында жасөспірімнің бір топ баланы тұрғызып қойып, ұрып жатқан бейнежазбасы бей-жай қалдырмағанын жеткізді.
"Әдетте жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты әлеуметтік желілердегі жазбаларды тұрақты бақылауға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан жарияланған арыз-шағымдарды демалыс күндері арнайы қарап шығуға тырысамын. Кейде әлеуметтік желілер арқылы расымен де алаңдаушылық тудыратын мәселелерден хабардар болып жатамыз. Мысалы, Алматы облысы оқушыларының шағымы мені бей-жай қалдырмады. Мәселе білім алушылардың құқықтарының бұзылуы, мектептегі тамақтану жағдайының санитариялық талаптарға сай ұйымдастырылмауы сияқты фактілердің орын алу ықтималдығына байланысты", - деп жазды Ғани Бейсембаев.
Министр бала құқығын қорғау шаралары заңнамалық тұрғыда күшейтілгенімен, мұндай келеңсіз жағдайлар әлі де кездесіп отырғанын айтады.
"Бұл – жергілікті атқарушы органдардың өз міндеттерін толықтай орындай алмай отырғанын көрсетеді. Бала құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыда күшейту мақсатында Министрлік тарапынан үш негізгі заңнамаға 94 түзету енгізіліп, 2024 жылы тексеруден өткен 342 білім беру ұйымының 24-інде басшылар әкімшілік, 78-і тәртіптік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, мұндай жағдайлар әлі де кездесіп отыр. Аталған жағдай жеке бақылауымда. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің қатысуымен арнайы жұмыс комиссиясын құруды тапсырдым. Комиссия қолданыстағы заңнама аясында барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады", - дейді ол.
Оқу-ағарту министрі өңірлердегі білім саласы басшыларын осындай маңызды мәселелерге жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырды.
"Алматы облысының басшылығы бұл мәселені шұғыл түрде қолға алып, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін нақты әрі жүйелі іс-шаралар қабылдайды деп сенемін. Мемлекет басшысы әр баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет екеніне үнемі тоқталады. Бұл – білім беру жүйесінің барлық деңгейінде орындалуы тиіс стратегиялық міндет. Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Министрліктің тұрақты бақылауындағы мәселе екенін жергілікті әкімдіктер де жақсы біледі. Тағы да өңірлердегі білім саласының басшыларын осындай маңызды мәселелерге жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамын", - деп жазды министр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысы Іле ауданында жасөспірімнің бір топ баланы ұрып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын.