Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев декреттік төлемдерге қатысты тіркелген заңсыз схемаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер декреттік төлемдерге қатысты тіркелген қылмыстық істердің мән-жайын ашуды сұрады. Асқарбек Ертаев әлеуметтік қордың 5 әлеуметтік төлем жасайтынын, оның ішінде декреттік төлемдер де бар екенін еске салды.
"Расында да, қылмыстық істер қозғалды. Оның 9-ы бойынша соттың шешімі шықты. Мысалдарға келсек, Ақтөбе облысында бір азаматқа 17 түрлі көзден төлем жүргізілген. Оның табысы шамамен 4 млн 300 мың теңгеге дейін көтерілген. Мұны "помогайкалардың" істеп бергені түсінікті ғой", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Барлық материал құқық қорғау органдарына жіберіліп, сот шешімі шыққан.
"Олар қылмысқа тартылып, екеуі 6 және 5,5 жылға сотталды. Сонымен қатар тап осы схема Ақтау қаласында болған. Қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен сотталды. Біз әлеуметтік қорда ондай схемаларды жоямыз, тиісті жұмыстар жүргізілуде", – деп жауап берді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.