Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта бағамына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер келесі жылдың басында доллар бағамы бұрынғыша 470-480 теңге деңгейіне орала ма деп сұрады.
"Кешелі бері Ұлттық банк қандай шаралар қабылдап жатқаны туралы мәлімдеме жасап жатыр. Доллардың бағамы нарықтағы ұсыныс және сұраныспен анықталады. Сол нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшін Ұлттық банк бүгін осы жылдың аяғына дейін Үкіметтің тапсырмасымен бізге 900 млн доллар көлеміндегі соманы теңгеге айналдырып, бізге бюджетке беретіні туралы мәлімдеме жасады", – деді Нұрлан Байбазаров.
Министрдің сөзінше, атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесі бойынша нарықта тұрақтылық қалыптасуы керек.
"Біз өз болжамымызды өзгерткен жоқпыз. Орташа жылдық бағамды 470 теңге деп болжап, өзіміздің есеп-қисабымызды жасап отырмыз", – деді ведомство басшысы.
Журналистер доллар бағамы 600 теңгеге жетуі мүмкін деген сценарий бар ма деп нақтылады.
"Ондай болжам бізде әзірге жоқ. (…) Қазір 530 теңге емес шығар. Бүгін 510 теңгеден басталған. Ертең қандай болатынын сіз де, мен де айта алмаймыз. Өйткені барлығы нарыққа байланысты", – деді Ұлттық экономика министрі.