Министр елде жанармай тапшылығы болмау үшін не істемек?

1586

Ведомство басшысы елде дизель отыны мен бензиннің жеткілікті қоры барын атап өтті. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы болмауы үшін не істейтінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Министр елде жанармай тапшылығы болмау үшін не істемек?

Оның пікірінше, жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін Қазақстанда мұнай өнімдерін өндіру қуатын арттыру керек. 

"Жаңа мұнай өңдейтін зауыт (МӨЗ) салу ұзақ уақыт алатыны белгілі, әрі оған қомақты қаражат керек. Сондықтан біз Шымкент мұнай-газ өңдеу зауытының қуатын арттыруды қарастырып отырмыз. Біз бұл кәсіпорынның қуатын біртіндеп арттырамыз", – деді министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Болат Ақшолақов мұнай өңдеу зауыттарында күрделі жөндеу мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.

"Сіздер жыл сайын зауыттарда күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуі керегін білесіздер. Сондықтан министрлік пен компаниялар бұл мәселені қарастырып жатыр. Сондай-ақ елде мұнай өнімдері қорының резервін құру керек, яғни мұнай өнімдерін тұтынудың маусымдық өсуі кезінде", – деді ведомство басшысы.

Ол МӨЗ-дегі жөндеу жұмыстары және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын тиеп-жөнелту мерзімдерін үйлестіру керегін атап өтті.

"Бұл көктемгі және күзгі егіс жұмыстары кезінде маңызды. Сондай-ақ мұнай базаларын есепке алатын бақылау аспаптарымен жабдықтау қажет", – деді Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда дизелдің 315,4 мың тонна қоры, АИ-92 маркалы бензиннің 299,2 мың тонна қоры бар.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу