Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет мүшелеріне өңірлердегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша іс-шаралар кешенін таныстырды. Бұл ретте ол "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы бойынша экологиялық мәселелерді шешу жолдарын өңірдегі экобелсенділермен бірге қарастырылып жатқанын жеткізді.
"Жалпы саны 17 онлайн кездесу өткізілді. Оған 25 мыңға жуық адам қатысты. Талқылау нәтижесі бойынша халықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп, 17 жол картасы әзірленді. Бұл құжаттарда өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі нақты шаралар қарастырылған", - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар министр экологиялық ахуал көңіл көншітпейтін қалаларға тоқталды. Олардың көшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды бастап тұр.
"2019 жылдың қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес 45 елдімекеннің ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент. Сонымен қатар, ластаушы заттардың көп бөлігі Павлодар облысына тиесілі", - деді министр.
Құралай Құдайберген