"Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасына қатысты жақсы болжам айтады деп күтпедік. Бұл бізге стимул береді". Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, қордың болжамы үкіметтен асып түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Себебі Қазақстан жыл аяғында экономикалық өсім 4 пайыз болуы мүмкін деп көрсетті. Ал Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева Астана форумында 4,8 пайызға өсетінін айтты. Алайда, нақты қандай негіздерге сүйене отырып мәлімдегенін білмейміз. Болжамның толық мәтінімен енді танысамыз, деді министр.
"Олардың бұрынғы болжамы 3,4 болды. 0,4 тармаққа көтерді. Біз мұны күтпегенбіз. Себебі олар осындай консервативтік тәсілмен жүреді. Олардың болжамы бізге қосымша стимул болады. Біз сол есепті қараймыз. Бірақ олар шетелдік инвестициялар. Одан кейін өндірісті дамытып жатырмыз. Оның ішінде инфляция да бар. Сол себепті олар осындай жақсы болжамды көрсетіп жатыр", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
ҚАЗАҚСТАН САНКЦИЯЛАРДЫ АЙНАЛЫП ӨТУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕТІН АЙМАҚ ЕМЕС - МИНИСТР
Бұдан бөлек, министр "санкцияланған тауарларды Ресейге тасымалдайды" деген қауесетті жоққа шығарды. Қазақстан шектеулерді айналып өтуіге мүмкіндік беретін аймақ емес екенін ашық мәлімдейтінін жеткізді.
"Иә, ірі серіктестерімізбен сауда жасаймыз, бірақ санкцияланған тауарларды емес. Олар елімізде өнімді экспорттауға белгілі бір тыйым салынғанын біледі. Біз санкцияға ұшыраған мемлекеттермен де, осы санкцияларды енгізіп жатқандармен де сындарлы диалог жүргізіп жатырмыз. Бәріне "біздің географиямыз сондай. Жалпы, санкция салатын сіздер, зардап шегетін біз" деп айтамыз", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.