Қазақстанда халықты қорғау мақсатында арнайы жабдықталған жерасты паркингтері мен жертөлелер жасырын паналарға жатқызылуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрі тиісті түзету енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Мәжілісте азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырды. Құжатта азаматтық қорғаныс бойынша жекелеген нормалар көзделген.
"Қазіргі уақытта азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарының бір бөлігі жеке меншікте. Оны пайдалануды жеке меншік иелері өздері басқарады. Оларды есепке алу тәртібін белгілеу үшін құқықтық кадастрда жеке жылжымайтын мүлік объектісі ретінде құрылыстарды тіркеу енгізіледі. Сондай-ақ, "ең қарапайым жасырын паналар" деген жаңа ұғым енгізіліп жатыр. Бұл халықты қорғау мақсатында арнайы жабдықталған жерасты паркингтері мен жертөлелер", – деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың тиімді жүйесі үшін заң жобасында бірқатар қосымша механизмдер көзделген.
"Мәселен, жаһандық және өңірлік төтенше жағдай кезінде тұрақты жұмыс істейтін республикалық жедел штаб құрылуда. Оның негізгі функциялары – төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою жөніндегі шараларды әзірлеу, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ іс-шаралардың орындалуын бақылау. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері кеңейтілуде. Бұл – объектілік масштабтағы төтенше жағдайларды жариялау", – деді Шыңғыс Әрінов.
Министр дала өрттерін сөндіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде екенін еске салды. Осыған байланысты оларға дала өрттерін сөндіруге қатысушыларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бойынша функциялар берілмек. Бұдан бөлек оларға халықты төтенше жағдайлар кезіндегі алғашқы іс-қимылдарға үйрету үшін орталықтарды жартылай жабдықтау жүктеліп отыр.