Министр "Қалбатау-Көкпекті" тасжолының жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды

430

Ведомство басшысы мердігерлермен көшпелі кеңес өткізді.

Министр "Қалбатау-Көкпекті" тасжолының жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды Фото: gov.kz

Марат Қарабаев Алматы – Өскемен автожолының салынып жатқан учаскелеріне жұмылдырылған мердігерлермен көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды Inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Көлік министрі өңірлерге жасаған жұмыс сапары барысында Алматы қаласынан Өскеменге дейінгі автожолдардың құрылысы мен жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қарап, көрді.

Ведомство басшысы Шамалған станциясын айналып өту, "Сарыөзек-Көктал", "Талдықорған-Үшарал", "Үшарал-Достық", "Қалбатау-Майқапшағай" және басқа да республикалық маңызы бар автожолдар учаскелерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу және реконструкциялау бойынша жұмыстардың ілгерілеуін тексерді.

Марат Қарабаев учаскелердің мердігерлерімен үлкен жиын өткізіп, барлық проблемалық мәселе егжей-тегжейлі қаралды, сондай-ақ жаңадан құрылған министрліктің алдағы кезеңге арналған жоспарлары мен талаптары айтылды.

"Халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Сондықтан жеке Көлік министрлігі құрылды. Жаңа ведомство алдында тұрған міндеттер зор. Біз еліміздегі жолдардың сапасы бойынша жағдайды шұғыл түрде бақылауға алып, барынша жақсартуымыз керек. Сіздер "Қазавтожолмен" жұмыс істеуге дағдыланып қалғансыздар. Алайда қазір жұмыстың сапасы мен барынша жылдамдықты қамтамасыз ету үшін салалық министрлікпен тығыз жұмыс істеуге тура келеді", деді министр.

Марат Қарабаев кездесу барысында белгіленген мерзімдерден артта қалған мердігерлер үшін жағдайды өз қолдарына алып, қалыптасқан проблемаларды түпкілікті белгілеу үшін Көлік министрлігімен бірлесіп шешуге соңғы мүмкіндік бар екенін атап өтті.

"Әлбетте, сіздердің жағдайларыңызды түсінгім-ақ келеді. Оған қоса, жұмыс барысында халыққа өз пайдамды тигізуге тырысамын. Осы кездесуден кейін жағдай барынша жақсармаса, нақты шаралар қабылдайтын боламыз. Алдағы уақытта Қытай Халық Республикасының көлік және коммерция министрлерімен кездесемін деп жоспарлап отырмын. Ол жерде сіздердің тараптарыңыздан атқарылған қызмет сапасы бойынша міндетті түрде өз ойыммен бөлісетін боламын. Бұрынғыдай қолды қалтаға салып, бос жүретін уақыт жоқ. Сіздер күн-түн демей, құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін жолда болуларыңыз керек", деді министрлік басшысы.

Сондай-ақ Марат Қарабаев жол құрылысшыларын битумның қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша мәселелерді шешуге уәде берді. Сонымен бірге ол Қазақстанның автожол құрылысына қатысатын барлық отандық мердігер және шетелдік компаниялармен алдағы уақытта кездесу ұйымдастырылатынын айтты.

"Жаңа министр ретінде басты міндетім – барлық республикалық жолдарды басып өтіп, автожолдардағы жағдайды бағамдау. Біз жылдамдық пен сапаға баса назар аударып отырмыз. Осы аптада орталық және оңтүстік өңірлерге бару жоспарда бар. Содан кейін 2024-2025 жылдарға арналған жұмыс көлемін талқылау үшін әріптестерімізбен кездесу өткіземіз", деді М.Қарабаев.

Демалыс күндерін пайдаланып, көлік министрі "Қалбатау-Көкпекті" жол учаскесінде кеңес өткізіп, бас мердігермен қалыптасқан жағдайды талқылады, сонымен қатар жұмыс қарқынын ілгерілетуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу