Министр мемлекеттік білім гранттарының неше пайызы игерілгенін айтты

Биыл ҰБТ-да 210 мыңнан аса талапкер бақ сынап көрген.  

Министр мемлекеттік білім гранттарының неше пайызы игерілгенін айтты Фото: Үкімет

Ал мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілгені белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзінше, биыл мемлекеттік білім гранттары 99 пайызға игерілген.

– Биыл ҰБТ-ға 210 мыңнан астам талапкер қатысты. Оның арасында 160 мың адам немесе 76 пайызы шекті балды еңсерді. Мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілді. Биыл бакалавриат, магистратура, докторантураны есептегенде 93 мыңнан аса грант, оның арасында 77 мыңнан астам грант бакалавриатқа бөлінді. Конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99 пайыз көлемінде игерілді, – деді ол.

Саясат Нұрбек Президент тапсырмасы аясында студенттерді қолдау артып келе жатқанын жеткізді.

Мысалы, 2020 жылмен салыстырғанда студенттердің шәкіртақысы 2 есеге көбейген.

– Жыл сайын 300 сараланған грант, пайызсыз несиелер беріледі. Биылдың маңызды жаңалығы, "Келешек" бірыңғай жинақтау жүйесі енгізілді. Мемлекеттік білім беру жүйесі аясында 134 мыңнан астам шот ашылды. Оның ішінде 34 768 салым "Келешек" жинақтау жүйесінің құралдарымен қосылды. Маңызды ақпарат, талапкерлерге мемлекеттік гранттардан басқа 5 мыңға жуық грант бөлінетінін атап өткім келеді. Олар – әкімдіктердің 1 700-ден астам, жұмыс берушілердің – 400, Қазақстан халқына қорының – 500, ЖОО өзі бөлетін 2 200 грант, – деп қоса кетті министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу