Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің біліктілігін бағалау тестін кейбір мамандар тапсырмайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кешелі бері педагог біліктілігінің тестін тапсырмау туралы жаңалықпен таныссыздар. Осыған қатысты бірнеше сұрақ бар, соларға өзім жауап жолдаймын деп шештім. Біріншіден, бұл уақытша тоқтату емес. Енді педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген ұстаздарымыз пәндік біліктілік тестін тапсырмайды. Біз бұл тестіні алып тастадық. Бірақ бұл тестіні кім тапсырады? Педагог мамандығына ең алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені олар мамандыққа енді ғана келіп жатыр. Олардың білім деңгейін білуіміз қажет", – деді министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жас ұстаздар екі жылдан кейін педагог-модератор біліктілік деңгейіне, аттестацияға қадам басқанда да педагог біліктілігінің тестін тапсырады. Қалған ұстаздар, қалған категорияға, аттестацияға өздері тапсыратын бірде-бір ұстаз бұл тестіні тапсырмайды. Министр педагог біліктілігі тестінің жалпы аттестацияға ешқандай байланысы болмайтынын жеткізді.
"Жалпы бұған дейін бұл тестіні тапсырған 51 мың педагог бар. Олар өздерінің шекті балын жинаған екен. Бұл педагогтар шекті балын жинап, портфолиосын жинақтап, бүгінгі таңда аттестацияда көрсетіліп тұрған кезеңдерді тапсырады. Қыркүйектен бастап өткендері өздерінің қосымша үстемеақысын алады", – деді ведомство басшысы.
Оқу-ағарту министрі портфолио мәселесіне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, енді портфолио жинақтау электронды түрге көшеді. Бұл мәселе туралы қосымша хабарланбақ. Сонымен қатар мұғалімдерге авторлық бағдарламаны жазу қажеттілігі де тоқтатылады.