Министр мүмкіндігі шектеулі баланы емдеуге көмек берді

794

Денсаулық сақтау министрі қоғамдық қабылдау өткізді.

Министр мүмкіндігі шектеулі баланы емдеуге көмек берді Фото: zakon.kz

Министрдің қабылдауына елорда тұрғындары ғана емес, бейнеконференция арқылы еліміздің барлық аймағының тұрғындары қатыса алды. Халықтың шағымдары мен ұсыныстары тыңдалып, мәселелер сол жерде шешімін тауып жатты. Қоғамдық қабылдауға 40-қа жуық адам келді.

Келушілердің бірі Арайлым Әлтаева министрге мүмкіндігі шектеулі баласын емдеуге көмек беруін сұрады.

"Дәрігердің қателігінен балам мүгедек болып қалды. Ал жаза ретінде оны тек алты айлық сыйақысынан ғана айырды. Ал біз міне төрт жыл болды баланың өмірі үшін күресіп жүрміз. Сізге келген себебім, баламды емдеуге көмек беруіңізді сұраймын. Ем қабылдау ақылы. Тек дәрілерді ғана тегін алып жүрміз. Дәрігерлердің бәріне бірдей қаралауға болмайды. Біз үшін жаны күйіп жүрген абзал жандар жоқ емес", – деді ана.

Елжан Біртанов келушіге медициналық қызметті тегін алуға болатынын түсіндірді.

"Ем көрсету қызметтері тізімі кеңейді. Балаңыз мемлекет тарапынан сақтандырылады. Бұдан былай, емделуші өзі барғысы келген аккредиттелген ұйымды таңдай алады. Емделу ақысын емхана арқылы қор төлейді. Мемлекет тарапынан тиесілі көмекті толық аласыз. Балаңызды әрине тегін, дұрыс емдейміз. Жазылып кетуі – дәрігердің қолында", - деді министр.

Ерекше қажеттілігі бар баланың анасы қабылдаудан риза көңілмен шықты: "Ұлымның толық жазылып кететуіне үмітім бар. Сұраған көмекті жаңа жылдан бастап алатын болдым. Балам уақытылы ем алып отыратын болды", – деп қуанышын жасыра алмады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Гаухар Бисарина тұрғындарды қандай мәселе көбірек толғандыратынын айтып берді.

"Кездесуге келгендер министрге сан түрлі сұрақ қойды. Көпшілігі жоғары сапалы медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту, шетелде емделу, пациенттің құқығын сақтау сынды мәселелер толғандырады. Сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне шағымданғандар да болды. Келушілерді мұқият тыңдаған Елжан Біртанов, азаматтардың барлық сұрағын жіті қарап шығып, толық жауап берді, әрі мәселелерді шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің, денсаулық сақтау басқармаларының және ведомствоға қарасты ұйымдардың басшыларына тиісті тапсырмалар берді", – деді.

Министрдің тікелей қабылдауына қалай келуге болатынын Гаухар Бисарина түсіндірді: "Бұндай қоғамдық қабылдауды Денсаулық сақтау министрлігі айына бір рет өткізеді. Министрліктің ресми сайтында арнайы кесте бар. Сол кесте бойынша тек қана министр емес, вице-министрлер де келушілерді қабылдайды. Сондай-ақ, министрлігінің қабылдауына 8 (7172) 74-32-40 телефоны арқылы жазылуға болады", – деді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу