Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мен сөйлемей-ақ қояйын деп едім. Бірақ 5 сұрақ қойдым, соның біреуіне де жауап ала алмадым. Депутат Бақытжан Базарбек дұрыс айтты. Бүгін министр не үшін келді? Бұл есеп беру емес қой. Біз "ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет" деп айтамыз. Дегенмен де Үкімет сағаты мәселені ортаға салып, бір-бірімізге шындықты айтатын жер ғой. Мен жайдан-жай айтқан жоқпын. Былтыр 170 жоба іске асуы керек болатын. Оның сегізі ғана акт бойынша іске қосылды", - деді мәжілісмен.
Ол осыған дейін әріптесі депутат Мұрат Ергешбаев Қызылордадағы жалғыз шыны зауыты туралы мәселе көтергенін баса айтты.
"Өзіміздің өнім өтпей жатыр. Барлық шекараны ашып қойды, бірақ ресейлік шыны зауыттары елімізде қаптап кетті. Депутат Бақытжан Базарбек айтқан кублей зауыты, асфальт зауыты, цемент зауыты – бәрі жабылудың алдында тұр. Министр бұл туралы бірде-бір сөз айтпайды. Бізге әдемі күліп жауап беріп тұр. Күлетін емес, жылайтын жағдай. Министрдің өзі жылдың аяғына дейін 1 млн шина шығарамыз деп айтып кетті. Егер жылдың соңында 1 млн шина шықпаса, онда отставкаға беріңіз. Бере аласыз ба? Үндемей, бізге тағы күліп жағдайды айтып кетесіз бе? Үкімет алдағаннан кейін халық бізге де сенбейді", - деді депутат Мұрат Әбенов.