Кеңес барысында азаматтарды зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп жазады inbusiness.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сүйеніп.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3 млн 558 мың зейнетақы мен жәрдемақы алушы тіркелген. Осы жылдың 6 айында аумақтық департаменттер зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға арналған 1 млн 233 мың іс макетін қарады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 12,7%-ға артық.
Зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау кезіндегі негізгі проблемалық мәселелер азаматтардың зейнетке шығар алдында табысын жоғары етіп көрсетуі, жасына байланысты берілетін зейнетақыны екі рет – Қазақстаннан және Ресейден алуы, Қытайдан келген қандастардың еңбек қызметі туралы жалған құжаттарды ұсынуы болып табылады.
Бұл мәселелерді шешу жолдары Қаржы, Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктерінің және "Азаматтарға арналған Үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ өкілдерімен бірге талқыланды.
Кеңес барысында мүгедектікті анықтау бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мәселесі де қаралды. Министр мүгедектігі бар адамдарды сырттай куәландыру бойынша пилоттық жобаны іске асырудың оң нәтижелерін атап өтті. 2022 жылдың басынан бері Қазақстанның барлық өңірлерінен 31,9 мыңға жуық өтінім қаралды. Мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай қызмет көрсету 22%-ды құрады, бұл осы жылға жоспарланған көрсеткіштен 2%-ға артық.
Сырттай куәландыруға көшу: әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды; сараптамалық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді; үйден шықпай-ақ мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын айқындау бойынша қызметтер алуға мүмкіндік береді; көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.
Сондай-ақ Кеңесте мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы тексеру нәтижелері талқыланды. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 606 тексеру жүргізілді, оның барысында 2,6 мың бұзушылық анықталды. 497 ұйғарым берілді, 146 бақылау субъектісіне жалпы сомасы 27,8 млн теңгеге айыппұл салынды.
Ағымдағы мәселелерді талқылағаннан кейін Тамара Дүйсенова Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттерінің жұмыс сапасын арттыруға, халықты зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.