Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан мұнайының қайта бағытталатыны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін кейбір БАҚ-та Ресей Қазақстан мұнайының экспортын Усть-Луга портынан Новороссийскіге ауыстырғалы жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.
"Біз осындай ақпаратты Ресей Федерациясынан ресми түрде алған жоқпыз. Бірақ атап айту керек, біз Усть-Луга портын күнделікті пайдаланып отырмыз. Біздің мұнай көлемдеріміз Новороссийск және Усть-Луга порты арқылы жөнелтіліп жатыр. Бұл жаңашылдық емес. Айтқанымдай, ресми түрде ақпарат алған жоқпыз. Осындай ақпарат бізге түссе, міндетті түрде қарастырып, өзіміздің жауабымызды жібереміз", – деді Ерлан Ақкенженов.
Ол мұнай жеткізілімі толықтай Новороссийск арқылы жүргізілген жағдайда Қазақстан үшін қандай салдары болуы мүмкін деген сауалға да пікір білдірді.
"Ең біріншіден, Румынияда орналасқан Rompetrol мұнай өңдеу зауытына қатысты тәуекелдер туындайды. Өйткені біздің мұнай Новороссийск арқылы Қара теңізбен Румынияға жіберіп отырмыз. Ал Усть-Луга портына мұнайымыз көшсе, әрине, бір тәуекелдер туындайды. Айтқанымдай, қара алтынды Новороссийск арқылы Румынияға жіберіп жатырмыз ғой. Картаға қарасаңыз, ол өте оңай жол. Ал Усть-Лугадан болса, айналып келуіміз керек, сол үшін бір шығындар болады деп ойлаймын", – деді Энергетика министрі.