Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2023 жылдың желтоқсанында әскерде жарақат алып, ұзақ уақыт комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрдің айтуынша, ол қазір елордалық Ұлттық медициналық орталықта ем қабылдап жатыр.
– Қазіргі уақытта оған қажетті барлық медициналық және оңалту көмегі көрсетілуде. Әкесі қасында. Түркиядағы емнен кейін де қосымша тексерулер жүргізіліп жатыр. Диагнозына жарақаты мен инфекциялық асқынулар да қосылып отыр. Өкінішке қарай, ол әлі аяққа тұра алған жоқ, – деді Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында.
Министр Ербаянды шетелде емдеу мәселесі ата-анасымен бірге қаралғанын, алайда олар Қазақстанда емделуді таңдағанын атап өтті.
– Уақытынан бұрын болжам айтқым келмейді. Барлық мүмкін көмек көрсетіліп жатыр, – деді ведомство басшысы.