Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астана халықаралық форумын өткізуге қанша қаражат қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл форумның тарихы 2008 жылдан басталады. Өздеріңіз білесіздер, 17 жыл болды. Пандемия кезінде 2 жыл өткізілмеді. Былтыр су тасқынында да 1 жылға тоқтады. Бірақ бұл Қазақстанның – визит карточкасы. Мұндай форумдар керек. Себебі осындай форумдар танымал, салмақты, белсенді адамдарды тартады. Бүкіл әлемнен президенттер, бизнесмендер, танымал адамдар келеді. Қазақстанды көрсетеміз, қаржы тартамыз. Сол себептен неге өткізбеске? Өткіземіз. Биыл Үкіметтің қаулысымен қаражат жетпеген жағдайда мүмкін бюджеттен алармыз дедік. Бірақ маған демеушілер арқылы қаражат абу тапсырмасы берілді. Мүмкіншілік болса бюджеттен ешқандай қаражат алынбайды", – деді министр Сенат кулуарында.
Тілшілер форумды өткізуге қанша қаражат бөлінетінін нақтылады.
"Жалпы айтқанда, бізге 4,5 миллиард жетеді. Былтыр 1,5 млрд бюджеттен бөлінді. Қалғанын демеушілер төлейді", – деп жауап берді Серік Жұманғарин.
Ұлттық экономика министрі мұндай форумдар тікелей инвестиция тартатын форумдар еместігін баса айтты.
"Бұл Қазақстанның бизнес ахуалын жақсартатын форумдар. Олардың мәні басқа. Біз – жабық мемлекет емеспіз. Адамдар білу керек. Мысалы, осы форумға келгендер Астананы көреді. Қазақтардың осындай астанасы бар деп айтады. Сыртқы істер министрлігі визасыз режим жасайды. Одан кейін бизнесмендер келеді", – деп түсіндірді Премьер-министрдің орынбасары.