Министр спортшылардың аналарына құрмет көрсетті

510

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Туризм және спорт министрлігі спортшылардың аналарын шуақты мерекемен құттықтады.  

Министр спортшылардың аналарына құрмет көрсетті Фото: gov.kz

Ведомство басшысы Ермек Маржықпаев ел абыройын әлемдік аренада лайықты қорғап жүрген азаматтарды тәрбиелеген асыл жандарға алғысын білдірді, деп жазады inbusiness.kz.

"Әрбір адамның өмірінде ананың орны бөлек. Спортшылар да анаға арқа сүйейді. Балаларын жаттығуға да апаратын, рухани қолдау көрсететін де аналар. Сондықтан спортшының анасы болу – асқан жауапкершілік пен шыдамдылықты, оған қоса айрықша еңбекті  талап етеді. Сіздердің бала тәрбиесіндегі рөліңізді сөзбен жеткізу қиын және сіздер де спортшылар сияқты кез келген құрмет пен марапатқа лайықсыздар. Өйткені балаларыңыз биік шыңды бағындыру үшін көп нәрсені құрбан еттіңіздер, дегенмен, соның өтеуі ретіде бүгінде осындай керемет мақтаныш пен қуанышқа бөленіп отырсыздар. Ана – кез келген спортшының ең бірінші жанкүйері, ең жақын досы, адал тәлімгері және, әрине, ең қымбат адамы. Қамқорлық пен тәрбиенің, балаңыздың қабілетіне деген сенімнің арқасында сіздер нағыз чемпиондарды өсіре алдыңыздар. Баршаңызды көктемнің осы бір шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!", - деді Ермек Маржықпаев.

Кездесу барысында Туризм және спорт министрі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың шахматтан Халықаралық Гроссмейстер Динара Сәдуақасоваға құттықтау хатын анасы Орал Махметқызы Өтешоваға табыстады.

Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан құрметті меймандарға алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды. Өз кезегінде, аналар ризашылығын білдіріп, еліміздегі барша әйел қауымын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ спортшыларымыз халықаралық байрақты бәсекелердегі өнерімен тек өз ата-аналарын ғана емес, еліміздің барша жанкүйерін қуантуға тілектес екендігін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу