Биыл елімізде 2 жол учаскесін су шайды. Бұл жолдар өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған. Ал жаңа жолда мұндай дерек азайды. Бұл туралы инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды baq.kz.
"Көктем мезгілінде осындай мәселе туындайды. Ол жолдар 70-80 жылдары салынған. Ал жаңа жолда ондай дерек азайды. Осы жылы 2 учаскені су шайды. Яғни Жамбыл облысы мен Сарыағаш ауданында болған апатты жағдайға байланысты суқоймаларындағы су сыртқа шығарылды", – дейді ол.
Сонымен қатар министр жаңа жолдардың құрылысын жобалағанда көптеген дерек ескерілетінін алға тартты.
"Қазір біз жаңа жолды жобалағанда метео, гидро жағдайлардың тарихын қарап отырамыз. Сондықтан бұл аумақтарда ондай дерек болмайды деген үміттеміз", – дейді мекеме басшысы.
Жеңіс Қасымбек ағын судың жол сапасына зиянын тигізбейтінін айтты.
"Ағын су жолды шаяды. Бірақ ол жолдың сапасына зиянын тигізбейді", – дейді министр.