Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су саласында "қара нарық" бар екенін жасырмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат Ерлан Саиров суды заңсыз пайдалану мәселесіне және "Қазсушардың" менеджментіне қатысты сұрақ қойды.
"Біз аймақтарға барған кезде "Қазсушардың" азаматтары жергілікті тұрғындарға суды өзінің парқымен заңсыз береді деген ақпарат бар. Осы мәселені қашан жоясыздар? Жылына су ресурстарының 40 пайызы заңсыз кетеді екен. Біз ең бірінші ірі жобаларды жүзеге асырмас бұрын, еліміздегі суды шаруашылыққа үнемді пайдалану мәселесін қоюымыз керек. Сіздер әлі күнге дейін қолымызда бар суды үнемдеу мәселесін шешудің механизмн жасаған жоқсыздар", - деді мәжілісмен.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәселе бар екенін жасырмады.
"Қара нарыққа" келсек, айтқаныңыз рас. Бүгінгі күні бүкіл республика көлемінде келісімшарт жасамай, "Қазсушармен" суды алу деген мәселелер кездеседі. Біз қазір келісімшартты жасауды электронды түрге көшіріп жатырмыз. Бұдан бөлек ақпараттық талдау арқылы біз шаруа қожалығы суды қаншалықты келісімшартқа сәйкес алды немесе кассаға қанша қаражат түсті не түскен жоқ дегенді тексеру үшін ғарыштық мониторинг арқылы жүйені енгізейін деп отырмыз. Ол жалпы 100 пайыз проблеманы шешпейтін шығар, бірақ та бізге үлкен құрал ретінде көмектеседі", - деді ведомство басшысы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Бұдан басқа бассейн инспекциясына қатысты арнайы комитет құрылған.