Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, қаражат еліміздегі инженерлік желілерді жөндеуге жұмсалады. Үкімет жақында әрбір қала мен өңірде талдау жүргізбекші. Әр жерде желілердің жағдайы әртүрлі болғандықтан, тариф те соған сай бекітіледі. Десе де халықтың төлем қабілеті ескерусіз қалмайды,- деп отыр министр.
"Өздеріңізге мәлім, президент өзінің сайлауалды бағдарламасында нақты міндет қойды, желілердің тозуын, кемінде, 15 процентке төмендету керек. Біз желілердің тозу көрсеткішін, шамамен, 15-20 процентке төмендетеміз. Тариф көтеріледі, басқа жол жоқ", деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Жылу желілерінен бөлек, елімізде кәріз құбыры да тозып тұр. Әсіресе Көкшетау, Екібастұз, Семей және Риддер қалаларындағы жағдай мәз емес. Кәріздерді тазарту қондырғылары 50-ші жылдары салынған. Содан бері жаңартылмапты. Соның кесірінен мәселен Шығыс Қазақстандағы Күршім ауылындағы шайынды су тікелей Күршім өзеніне әрі қарай Ертіске құяды. Ал Таразда тазарту қондырғысы мүлде салынбаған. Сөйтіп, қоршаған орта ластанып жатыр. Сенаторлар Үкіметті бұл мәселеге назар салуын өтініп, заманауи технологиямен жабдықтауды сұрады.