Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысын неге 2030 жылға шегергенін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев министрге неліктен зауытын салу жобасы жыл сайын кейін шегеріліп жатқанын сұрады.
"Төртінші мұнай өңдеу зауыты туралы айтсақ, неге 2030 жылдан кейін деп отырмыз? Өйткені 2030 жылға дейін бүкіл қажеттілік тұтас жабылады. Жаңа зауытты салу шешімі осы жұмыстардың қорытындысы бойынша жасалатын техникалық-экономикалық негіздеме арқылы қабылданады. Яғни, 2030 жылға қарай мұнай өңдеу қуатымыз қанша көлемде болатынын түсінуіміз керек. Шынын айтқанда, елімізде электрмен жүретін көлік саны қалай өзгеретіні әзірге түсініксіз. Бұл зауытты жанармай өндірісіне бағыттаймыз ба, әлде, мұнай-газ-химия жағына басымдық береміз бе? Осының бәрі салмақты зерттеуді қажет етеді. 2030 жылға қарай, үш жылдың ішінде осы саясат түсінікті болады", — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Сондай-ақ, ол 2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіретін алпауыт инвесторлардың өнімді бөлісу келісімшартын қайта қарайтын кезең жақындайтыны еске салды.
"Бұл кезеңде келіссөздерді бастаймыз, өнімді бөлісу келісімдерінің уақыты да аяқталатын уақыт та жақындайды. Осы ресурстарды да пайдалана аламыз. Үкіметтің бұл мәселе бойынша көздегені бар. Зауыт құрылысының мерзімі бар. Жобалау аяқталғаннан бастап 36 айдың ішінде салынып біту керек, яғни, 2030 жылдан 2040 жылға дейін деген көкжиек белгілеп отырмыз. Бұл зауытты 10 жыл бойы саламыз деген сөз емес. Осы 10 жылдың ішінде бізге жаңа зауыт керек деген сөз", – деді министр.