"Қазсушар" РМК облыстық филиалының өндірістік бөлімше басшылары министрге атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Өңір шаруаларын суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында суару каналдарында су деңгейі төмендеген жағдайда пайдаланылатын 63 сорғы қондырғысын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа жабдықтар мамыр айының соңына дейін өндірістік учаскелерге жеткізіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар Түркістан филиалы каналдарда механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері жалпы ұзындығы 316,9 шақырым болатын 118 канал учаскесі тазартылды. Жыл соңына дейін 1800 шақырым канал тазалау жоспарланып отыр. Облыстың Жетісай және Шардара аудандарында тік дренажға арналған 512 ұңғыманы қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын.
Есептерді тыңдағаннан кейін Нұржан Нұржігітов өндірістік бөлімше басшыларына азаматтардың өтініштері мен шағымдары бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Мен әлеуметтік желідегі барлық пікір мен хатты өзім оқимын. Сондықтан әр өндірістік учаскеде не болып жатқанын жақсы білемін. Мен үшін халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру маңызды. Министрлік су саласы қызметкерлерінің жалақысын көтерді, жүздеген жаңа арнайы техника берді. Сондықтан кадр мен техника жетіспейді деген ескі сылтауды қою керек. Шаруалардың көмек сұрап келгенін күтіп отырудың қажеті жоқ. Керісінше, бастаманы өздеріңіз жасауларыңыз керек. Барлық өтініш жедел қаралып, туындаған мәселелер уақытында шешілуі қажет, – деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Кеңес барысында Нұржан Нұржігітов өндірістік учаскелердегі кадрлық ротация мәселесін де көтерді. Министр ұзақ уақыт бойы басшылық қызметте отырған мамандар арасында ротация жүргізуді тапсырды.