Бүгін сағат 15.00-ге қарай Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы табиғи өрттің беті қайтқан. Бұл туралы жедел штаб басшысы, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин хабарлады, деп жазады inbusiness.kz ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт шалған аумақ 43 мың гектарға жеткен. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында қарауылдау жұмыстары ұйымдастырылған.
"Жанудың салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған күштер мен құралдар азайтылды. Көмек көрсету үшін Ақмола облысының күштері мен құралдары, Восток РМК жеке құрамының инженерлік техникасы жерді жырту жұмыстарымен айналысатын болады. Сонымен қатар ТЖМ полкінің жеке құрамы командирлермен бірге және Қостанай облысының бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмыстарын жүргізіп, тұрақты жұмыс орындарына оралады", – деді Юрий Ильин.
Өртті сөндіруге құрамында ТЖМ, ІІМ ҰҰ, Қостанай қаласындағы академиясының, Қорғаныс министрлігінің, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары: 207 бірлік техника, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 1 785 адам жұмылдырылған. Өрт сөндіру басталған сәттен бастап тікұшақтар әуеден 272 рет су шашқан.
Өрт басталғаннан бері барлығы 2 091 адам эвакуацияланыпты (3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан – 1 841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына – 250 адам).
"Әулиекөл орта мектебінің (16 адам), Әулиекөл мектеп-интернатының (1 адам) эвакуациялау пунктінде 17 адам, оның ішінде 7 бала бар. Эвакуцияланғандардың негізгі бөлігі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйінде", – делінген хабарламада.
Сөндіру жұмыстары жалғасуда.