Министр жаңа әлеуметтік жәрдемақы алу жолын айтты

1272

Жалақысы сақталмай демалысқа жіберілген азаматтарға қаржылай жәрдем беріледі.

Министр жаңа әлеуметтік жәрдемақы алу жолын айтты

Төтенше жағдай уақытында ақысыз демалысқа шығуына тура келіп, табысынан айырылған жұмыс істейтін азаматтар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемақы ала алады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті.

"Бір жұмысшы үшін әлеуметтік төлем мөлшері айына бір айлық төменгі жалақы немесе 42 500 теңге. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін жаңа төлемақы Қазақстан аумағында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына келесі шарттармен төленеді: төтенше жағдайға байланысты жалақысы сақталмай демалысқа жіберілген жұмыс істейтін азаматтарға беріледі. Жұмыс беруші тарапынан жұмысшысы үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төтенше жағдай енгізілгенге дейін соңғы 12 ай ішінде 3 рет төлем жасалған болуға тиіс. Әлеуметтік төлем тек шағын, орта және микро бизнес жұмысшыларына ғана тағайындалады. Жаңа әлеуметтік төлем төленуі үшін жұмыс беруші төтенше жағдай енгізілуіне байланысты жұмыскердің табысын жоғалтқаны туралы құжаттармен жергілікті жұмыспен қамту органына жүгінуі керек. Яғни, жалақысыз демалысқа шығару туралы бұйрықтың үзінді көшірмесі мен жұмысшылардың тізімінің ұсынуы қажет. Жұмыс берушінің өтініші бойынша, аудандық жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі штаб жұмыс берушіге әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім шығарады. "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының бөлімшесі өз бетінше құжаттарын әзірлейді де, мемлекеттік қор төлем жасайды. Әлеуметтік төлем жұмысшыға демалыс уақытында ғана төленеді. Бірақ, төлем мерзімі төтенше жағдай уақытынан аспайды", – деп түсіндірді Дәурен Абаев.

Министр жұмыссыз қалған азаматтар мемлекеттік қордан табысының 40%-на дейін алуына мүмкіндігі бар екенін айтып өтті.

"Қолданыстағы заңнама бойынша, жұмыстан шығарылған жұмысшы жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді міндетті әлеуметтік төлемге қатысуына және соңғы 24 айдағы табысына байланысты, бір айдан алты айға дейін алуға құқылы. Мемлекеттік қордан төлемдер жұмысшының ала алмай қалған табысының 40%-на дейін төленеді. Ол үшін жұмыстан шығарылған жұмысшы жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуге және әлеуметтік төлемдер берілуіне бір өтініш жазуы керек. Төлемдер автоматты түрде төленеді. Азамат жұсмыссыз болып тіркелсе, өтінішті электронды үкіметтің веб-порталы арқылы да жолдауына болады", – деді министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу