Министр Жапониядан келген ұшақ жолаушыларынан кешірім сұрады

897

Ұшақ жолаушылары карантинге алынды.

Министр Жапониядан келген ұшақ жолаушыларынан кешірім сұрады

Елжан Біртанов Жапониядан келген ұшақ жолаушыларынан бортта атышулы лайнерде болғандар бар екені туралы ескертілмегені үшін кешірім сұрады.

Министр шешім қабылдар кезде кемеде болған азаматтардың тексерілген-тексерілмегендігі туралы қолдарында нақты ақпарат болмағандығын айтып ақталды.

"Өкінішке қарай сондай жағдай болып қалды. Денсаулық сақтау министрлігі аталған азаматтардан кешірім сұраймыз. Бұл шешім қабылданғанда бізде уақыт болған жоқ. Сол күні бізге сондай ақпарат түсіп жатты. Басқа мемлекеттерде де осындай жағдай болып, Жапониядағы лайнерден елге қайтқан жолаушылардың арасында Израиль мен АҚШ-та коронавирус қайтадан табылды",– дейді министр.

Министрдің айтуынша, карантинге жабылған кемеден босап шыққан 4 қазақстандықтың ұшаққа мінуіне Жапония тарабы қарсылық білдірмепті, себебі олардың барлық құжаты түгел және қолдарында медициналық анықтамасы болған. Ал дипломатиялық қызметтер олармен үздіксіз байланысып тұрыпты.

"Бүгін үшінші рет тағы да тест аламыз. Үшінші тест дұрыс болса, әрі қарай шешім қабылдаймыз", – деген министр аталмыш ресйпен келген жолаушлардың бәрі сау азаматтар екенін қадап тұрып айтты. 

"Ұшақта болғандардың бәрі қазір карантинде жатыр. 4 адам Жапония лайнерінде болғандар, қосымша 8 экипаж мүшесі және 8 жолаушы, қосымша 20 азамат бар. Тағы да айтып кетейін, бұл азаматтар науқас емес. Бәрі сау азаматтар", – деді ол.

Еске салсақ, жолаушыларының бірінен коронавирус анықталғаннан кейін The Diamond Princess круиздік лайнері Иокогама портында екі апталық карантинде тұрды. Кемеде еліміздің төрт азаматы да бар екендігі анықталды. Карантин аяқталған соң олар 23 ақпанда Токиодан Нұр-Сұлтанға келген ұшақпен елге жетті. Олардан өзге бортта 16 жолаушы болған.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу