Министр жекеменшік мектептер мәселесіне қатысты өз ұстанымын айтты

312

Ведомство басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба арнады. 

Министр жекеменшік мектептер мәселесіне қатысты өз ұстанымын айтты Фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептер мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, ведомство сапалы әрі адал жұмыс істейтін мектептердің легін анықтауды көздеп отыр. Бұл ретте министр жекеменшік мектептерге қатысты негізгі мәселелерге тоқталды.

"Тіркелген балалары бар, бірақ сабақ берілмеген. Сонымен қатар оқу стандартын толық орындамаған. Әскери дайындық, дене шынықтыру секілді пәндерді оқытпаған. Ғимараттың мақсаты сай келмейтін, қоймада, моншада мектеп ашып, соны заңдастырып, рәсімдемеген. Мұғалімдерінің біліктілік талаптары сәйкес келмейтін мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастырылмайды", – деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Оқу-ағарту министрі жекеменшік мектептерге байланысты өзгерістерді пайдаланып, делдалдық құрылымдар құрғысы келетін немесе күмәнді ассоциациялар ашқысы келетін азаматтарға да айтары бар екенін жеткізді. 

"Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерге байланысты "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен, Орта білім комитеті және жергілікті атқарушы органдарда білім басқармаларымен жұмысты жалғастырады. Ресми ақпараттың бәрі осы үш мекеме арқылы жеткізілетіндігін атап өткім келеді. Ең басты нәрсе – тәртіп және сапалы жұмыс. Сапалы жұмыс болған кезде білім де сапалы болады. Сапалы білім болса, біздің ұстаздарымыз да, мектебіміз де, оқушыларымыз да мықты болады. Бұл – жалпы жақсы экономиканың, дамыған еңбек нарығының негізгі айқын факторы", – деді ведомство басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу