Министр жер учаскесін алу тәртібін оңтайландыруға бағытталған заң жобасын таныстырды

684

Министрдің айтуынша, Заң жобасының негізгі реформаларында арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялды аймақ қатысушыларына жер учаскелерін ұсынудың жаңа механизмін енгізу, индустриялды аймақ қызметін құқықтық реттеу қарастырылған.

Министр жер учаскесін алу тәртібін оңтайландыруға бағытталған заң жобасын таныстырды

Бүгін ҚР парламенті мәжілісінің жалпы отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек "Арнайы экономикалық және индустриялды аймақтар туралы" заң жобасын депутаттарға таныстырды, деп хабарлайды ИДМ баспасөз қызметі.

Заң жобасы арнайы экономикалық аймақтар саласындағы заңнаманы жетілдіру мен индустриялық аймақтардың қызметін құқықтық реттеу мақсатында әзірленді. Егер мұндай заңдық күші болмаса олардың қызметінде, әкімшілендіру мен инфрақұрылым нысандарына қызмет көрсетуде қиындықтар болады. 

"Бүгінде қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес жер учаскесін алу процесі күрделі. Оған шамамен 6-9 ай уақыт кетеді. Соның салдарынан жобаларды іске қосу мерзімі созылады. Инвесторлар да уақыт жоғалтады. Соңында материалдық шығынға ұшырайды. Осыған байланысты, заң жобасы қатысушылардың қысқа мерзімде және жеңіл процедуралар арқылы жер учаскелерін алу тәртібін оңтайландыруға бағытталған", - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек, рұқсат етілген қызмет түрлерін анықтау тәртібі қайта қаралды.

"Заң жобасында Арнайы экономикалық аймақтардың ерекше құқықтық режимi басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiн әзiрлеу мен бекiтуде уәкiлеттi органның құзыреті кеңейтіледі. Бұл тізімдер Арнайы комиссия арқылы өзектендіріледі", - деді заң жобасындағы жаңашылдықтарды айтқан министр.

 Сондай-ақ, заң жобасында Арнайы экономикалық аймақтардағы басқарушы компанияларды бюджеттен қаржыландыру ұсынылады. Іске асып жатқан жобаларды бағалау мен бақылау мүмкіндіктері, басқарушы компаниялардың білікті қызметкерлерін дайындау және қайта даярлау, АЭА қатысушыларының бірыңғай реестрін жүргізу және қатысушысы куәлігін беру, сондай-ақ Индустриялды аймақтардың реестрін жүргізуде Бірыңғай үйлестіру орталығының өкілеттілігін кеңейту қарастырылды.

Заң жобасын қабылдау Арнайы экокномикалық аймақтар мен Индустриялды аймақтардың жұмысын жандандыруға, 2022-ші жылға дейін қосымша 10 мың жұмыс орнын ашуға және 150-ден астам жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу