Жұмысшы мамандықтары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 68 пайызға тең. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде елімізде 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алады. Соңғы үш жылда жұмысшы біліктіліктері бойынша мемлекеттік тапсырыс 3,7%-ға өсіп, 131,4 мың орынға жетті. Колледждерге қабылдау 5,8%-ға артып, 57,8 мың студентке артты.
"Жалпы жұмысшы мамандықтары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 68,0 пайызды құрап, 3 пайызға артты. Студенттерді әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілді. Стипендия мөлшері 2 есеге өсіп, 43 мың теңгеге жетті. Жатақханамен қамтамасыз ету деңгейі 10%-ға артып, 95,4%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер ТжКБ (техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі) саласын қаржыландыру, кадр даярлау және студенттерді әлеуметтік қолдау көлемінің артқанын көрсетеді", – деді ведомство басшысы.
ТжКБ мазмұны еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес жаңартылып жатқаны белгілі болды.
"Қазіргі уақытта 552 кәсіптік стандарт негізінде 14 494 білім беру бағдарламасы әзірленді. Оның 4 348-і – жұмысшы біліктіліктері бойынша. Оқыту 188 мамандық бойынша жүргізіледі. Сұраныстың болмауына байланысты 32 мамандықты, оның ішінде 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау қарастырылуда. Еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтін 66 білім беру бағдарламасы тізілімнен шығарылды.
Сонымен бірге Сыныптауыш 20 жаңа мамандықпен толықтырылып, осы бағыттар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленді. Студенттердің кәсіби құзыреттерін кеңейту үшін микробіліктіліктер мен Майнор (Minor) қосымша бағдарламаларын енгізілуде", – деді Жұлдыз Сүлейменова.