Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов шенеуніктердің балаларын екі айлық әскери дайындыққа баруды міндеттейтін норманы қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Әріптесім Жигули Молдахалықұлы (ред. - депутат Жигули Дайрабаев) өте жақсы сөз айтты. Отанды біз қорғамағанда, кім қорғайды деді. Өзіңіз статистикаңызда әскерге 90 пайыз ауылдың жастары келеді деп айттыңыз. Осы уақытқа дейін, қателесуім де мүмкін, министрдің не әкімнің баласы әскерде жүр дегенді естімеппін. Осы заңның аясында жоғарғы лауазымды тұлғалардың не өздерін, не балаларын 2 айлық әскери дайындыққа міндеттейтін норма қарастыруға бола ма?”, - деп сұрады мәжілісмен Ринат Зайытов.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мұндай норманы енгізудің еш қисыны жоқ екенін баса айтты.
“Өзінің ұлдарын әскерге жіберетіндер бұл туралы жарыса айтпайды. Патриотизм мына жүректе болуы керек, оны көпшілікке жария ету мақсат болмауы тиіс. Осы тұста мысалдар келтіріп өтсем деймін. Бұрынғы Ішкі істер министрі, генерал полковник Қалмұханбет Қасымов өзінің туған екі жиенін әскерге жетектеп әкелді. Бұрынғы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлы беделді мектепті аяқтай сала, десанттық-шабуылдау бригадасына жедел қызмет сарбазы ретінде қызмет етті. Қазір АҚШ әскери мектебінің курсанты. Министрлердің, депутаттардың ұлдарына бөлек норма жасаудың еш қисыны жоқ. Заң бәріне ортақ”, - деп жауап берді ведомство басшысы.