Астанада өтіп жатқан "Тұрақты энергетиканың сын-қатерлерін шешу" министрлік конференциясы аясында "Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия" министрлер диалогының отырысына қатысушылар IRENA бас директорының орынбасары Сакари Оксаненнің төрағалық етуімен Орталық Азия елдеріндегі жаңартылатын энергетика мәселелерін талқылады.
"ЖЭК-тің аукциондары соңғы он жылда 4 есеге өсіп, 2005 жылғы 6-дан былтырғы жылы 67-ге жеткен. Бұл кейбір елдерде рекордтық төменгі бағаға әкелді, тіпті олардың қатарында БАӘ, Марокко және Египет те бар. 78-ден астам елде бекітілген тарифтер реттеуші саясаттан қалай болғанда да басым болып қалып отыр. IRENA белгілі бір елге нақты бір саясат туралы кеңес бере алмайды, бірақ негізгі идея әр түрлі құралдар мен шараларды талқылауда", - деді отырысты ашқан жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттігі стратегиялық даму департаментінің директоры, аппарат басшысы Мұхамед Әл-Фарнавани.
ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстан келер жылдан бастап жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында аукциондар механизміне көшетін болады.
Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрінің бірінші орынбасары Султон Рахимзода өз елінің ЖӘК дамытуды қолдайтындығын атап өтті. Сонымен қатар Султон Рахимзода процестің қымбат болуына байланысты республиканың күн энергиясына көшуі әзірге шектеулі екенін тілге тиек етті.
Отырыс барысында Әзербайжанның баламалы және жаңартылатын энергия көздері жөніндегі мемлекеттік агенттігі төрағасының орынбасары Нурали Юсифбейли, Қырғыз Республикасының өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Азамат Оморов, Еуропа қайта құру және даму банкінің энергетика және табиғи ресурстар мәселелері жөніндегі басқарушы директоры Нандит Паршад, REN21 төрағасы Арфоурос Зервос сөз алды.
Орталық Азия елдерінде жаңартылатын энергетиканы ілгерілету жөнінде нақты қадамдар жоспарын жасау туралы келісімдерге қол жеткізілді.